Тиімсіз пайдаланылатын жерлерді қайтарып алу керек - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың төңірегіндегі тиімсіз пайдаланылатын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару қажет. Бұл туралы елорданы одан əрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«13 мың гектар жер тиімсіз пайдаланылуда. Ал бұл - аумақтың 16 пайызы. Шағын және орта бизнес болса құрылыс жүргізу үшін жер ала алмай отыр.  Мұнымен кім айналысады?», - деп сұрады Елбасы.

Осы ретте елорда әкімдігінің өкілі жердің пайдаланылу мақсатын өзгерту үшін мақсатты құнын төлеу қажеттігін, ал мұнан жергілікті бюджет қаржы жоғалтатындығын айтты.

Бұл жауапқа қанағаттанбаған Елбасы: «13 мың гектар жер 10 жыл бойы пайдаланылмауда. Неге қайтарып ала алмаймыз? Нұсқау бар ғой, 2 жыл пайдаланбаса мемлекетке қайтаруы тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің сөзіне қарағанда, Қазақстан Президенті 2012 жылы 16 мың гектар жерді мемлекетке қайтару туралы тапсырма берген.

«Бас прокуратураның жол картасы бар. 6 мың гектар қайтарылды. 5 мың гектарды игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалғандары бойынша талап-шағым жұмыстары жүргізілу үстінде. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты айтар болсам, бұл бағытта Салық кодексіне өзгертулер енгізу қажет. Аталған жерлерді басқа санатқа аударуға болады. Онда жер иелері 600 млрд теңге төлеулері керек», - деді қала басшысы.

Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені түбегейлі шешуді қатаң тапсырды.

«Онда жерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалансын. 3 жыл пайдаланбаса мемлекетке қайтарсын. Кезінде бұл мәселені Бас прокурормен сөйлескенмін. Қайрат Қожамжаровпен бірге аталған мәселемен айналысып, бұл жайында маған баяндаңыз», - деді Мемлекет басшысы Астана әкіміне қарата.

Соңғы жаңалықтар