Тестілеу орталығы басшысының ұсталуы ҰБТ-ға әсер етпейді - БҒМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы басшысының парамен ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде үлестес компаниялардың мүдделерін қолдағаны үшін ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы басшылығына қатысты сыбайлас жемқорлық схемасының жолы кесілгенін хабарлады.

«Аталмыш факті биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу үрдісіне еш әсер етпейді. Қазіргі таңда Ұлттық тестілеу орталығы штатты режімде жұмыс істеп жатыр. Гранттарды үлестірудің автоматтандырылған жүйесі әрдайым бақылауда, ол құпиялылық режімінде жұмыс жасайды және адами факторға тәуелді емес» делінген хабарламада.

Бүгінде тергеу органдары Ұлттық тестілеу орталығының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізіп жатыр.

«Директордың кінәсін сот анықтайды. Білім және ғылым министрлігі сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік қағидасын қолдайды» дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар