Тестілеу кезінде қайтыс болған мұғалім жүрек ауруымен есепте тұрған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлттық тестілеу орталығы бүгін Алматыдағы жекеменшік оқу орындарының бірінде тестілеу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін, 14 сәуірде Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде 1973 жылы туған мұғалім тестілеу кезінде қайтыс болды. Ер адам гипертензиялық (гипертониялық) ауруына байланысты емханада есепте тұрған. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр»

делінген хабарламада.

Мұғалімдер ұлттық біліктілік тестін 2018 жылдан бері тапсырып келеді. Орталық ақпараты бойынша, бұл - осы 4 жылдағы алғашқы қайғылы жағдай. Тестілеу орталықтарында алғашқы көмек көрсету үшін дәрігерлердің жұмысын бақылау күшейтілмек.

«Бекітілген санатына байланысты 230 мыңнан астам адам жыл сайын жалақысының 30-50% мөлшерінде қосымша төлемдер алады. Осы ретте аттестацияның өзі ерікті сипатқа ие екенін атап өтеміз. Педагогтер жалақыларына тағы қосымша ақы алу үшін тестілеуге жазылып, осы процедурадан өтеді. Егер тест тапсырушы өзін нашар сезінсе, тестілеу күнін өзгерту мүмкіндігі беріледі»

, - деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.

Сондай-ақ, Алматы қалалық білім басқармасы марқұмның отбасына көңіл айтқаны, барлық қажетті көмек көрсетілетіні мәлімденген.

Бұған дейін Алматыда ұлттық біліктілік тестін тапсырып жатқан мұғалімнің қайтыс болғаны туралы жазған едік.


Соңғы жаңалықтар