Терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл ұлттық жүйесі күшейтілетін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісінің депутаты Сергей Симоновтың айтуынша, заң жобасы кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың (КЖ/ТҚҚІ) ұлттық жүйесін жақсарту, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) халықаралық стандарттарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасы:

- заңды тұлғалардың өздерінің бенефициарлық меншік иелерін ашу міндетін белгілеуге;

- кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған трасттарға немесе басқа да корпоративтік құрылымдарға қолдануға;

- терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген субъектілердің тікелей немесе жанама бақылауындағы қаражат пен өзге де активтерді тоқтатуға;

- қылмыстық жолмен алынған қаржатты заңдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге және ФАТФ ұсынымдарында айқындалған бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін «мүлікті тәркілеу» түріндегі қылмыстық жазаны белгілеуге;

- террористік әрекет ұғымын кеңейту мақсатында «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының ережелерін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған.

Бұдан басқа, депутаттар заң жобасының кейбір нормаларының редакциясын жақсарту және нақтылау бойынша түзетулер енгізді.

Сонымен қатар палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады.


Соңғы жаңалықтар