Терроризм туралы жалған хабар берген 28 адам жауапқа тартылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері терроризм актілері туралы түрлі мекемелерге қасақана жалған берген 28 адам жазаланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтып берді.

«Полиция терроризм актілері туралы түрлі мекемелерге қасақана жалған хабар берген адамдарды анықтап жатыр. 22 қыркүйекте Алматы облысының Іле ауданында үш жалпы білім беретін мектептің электронды поштасына жарылғыш құрылғылар туралы хабарламалар түскен. Келесі күні полиция органдары ҰҚК-мен бірлесіп, осы қылмысты жасаған 12 жастағы оқушыны тапты. Қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеуіне байланысты оқушыға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бірақ, оның ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша жауапқа тартылды, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды», - деді Шұғыла Тұрлыбек апталық онлайн брифингіде.

Оның айтуынша, интернетте басқа адамдардың атынан жедел қызметтерге жаппай жалған хабарлама жіберетін «сватинг» атты анонимді қауымдастықтар жұмыс істейді. Оның мотивтері де әр түрлі – жеке кек, жанжал, басқа адамға қиындық туғызуға ұмтылу.

«Қазақстандық оқушылар арасында да осындай топтарға қызығушылық байқалады. Сондықтан, құқық қорғау органдары ата-аналардан баласының интернеттегі іс-әрекетіне мұқият қарауды сұрайды. ҚР ІІМ арнайы органдармен бірлесіп, шабуылдаушылардың IP мекенжайларын, аккаунттарын және басқа да мәліметтерін белгілеу үшін шетелдік құқық қорғау органдарымен, интернет-провайдерлермен өзара жұмыс істейді. Тек кейінгі 2 айда интернет арқылы жалған хабарламалар жіберген 5 адам анықталды. Жыл басынан бері мұндай әрекеттер үшін 28 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 8-і бас бостандығынан айырылды», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар