Терроризм, кісі өлтіру, қару ұрлау: Жаппай ереуілден кейін 819 қылмыстық іс қозғалған
2022 жылғы 22 қаңтар 16:50

Терроризм, кісі өлтіру, қару ұрлау: Жаппай ереуілден кейін 819 қылмыстық іс қозғалған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің Бас прокуратурасы елде болған жаппай ереуілге қатысты соңғы ресми мәліметті бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаппай тәртіпсіздіктен кейін қайта қалпына келтіру шарасы жүріп жатыр. Оның салдарынан зардап шеккен адамдар мен бизнес нысандарына қатысты оқиғаларды тергеу ерекше назарда. Бүгінде жедел тергеу тобы 819 қылмыстық істі тергеп жатыр. Оның 45-і - лаңкестік актісі, 36 - жаппай тәртіпсіздік, 15 - кісі өлімі бойынша. Сонымен қатар ұрлық, тонау, қаруды жымқыру және билік өкіліне қатысты күш қолдану фактілері бойынша қылмыстық істер қаралып жатыр», - деді ҚР Бас прокуратурасы бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған қылмыстық істерге қатысы бар 973 күдікті қамауға алынған.

«Оның ішінде 182 күдікті соттың санкциясымен күзеттің қарауына алынды. Сонымен қатар 29 үйқамақта. Және 464 адам лаңкестік әрекет және жаппай тәртіпсіздік бойынша ұсталды. Одан басқа 226 адам - ұрлық, 60 - қаруды заңсыз сақтау және 39 адам - қару ұрлау, 25 - бұзақылық, 21 адам тонау ісі бойынша қамауға алынды. Басқа да қылмыстық істер бойынша ұсталған күдіктілер бар», - дейді ол.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT