Террористік сипаттағы хабарламалар таратылған телефон иелері анықталды – полиция

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірқатар бұқаралық ақпарат құралының Telegram-аккаунтына және мемлекеттік органдардың мекенжайларына террористік сипаттағы хабарламаларға сәйкес полиция түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірқатар БАҚ-тың Telegram-аккаунтына және мемлекеттік органдардың мекенжайларына террористік сипаттағы қоқан-лоқы көрсетілген хабарламалар келіп түскен.

Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері бірнеше телефонды, сондай-ақ олардың иелері мен пайдаланушыларын анықтады», - делінген Рolisia.kz дерегінде.

Тексеру кезінде аталған тұлғалар арасында Қазақстанның қарапайым азаматтары, оның ішінде кәмелетке толмағандар болғаны анықталды. Бірақ олардың ешқайсысының пошта жөнелтілімдеріне қатысы болмай шыққан.

«Олардың барлығы Telegram мессенджерінің белгісіз қолданушылары тарапынан «сваттингтің» (құқық қорғау органдарын хакерленген адресаттарға шақыру үшін ауыр құқық бұзушылықтар туралы жалған хабарламалар) құрбаны болды деп болжанып отыр.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары құқық бұзушыларды анықтап, көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мақсатында барлық шараларды қолға алып жатыр. Жағдай құқық қорғау органдарының толық бақылауында. Алаңдауға негіз жоқ. Әлеуметтік желілер мен басқа да БАҚ қолданушыларын тек ресми хабарларға сенуге шақырамыз», - делінген полиция мәліметінде.


Соңғы жаңалықтар