Террористік белсенділік аймағынан елге оралған әйелдердің 90% оңалтудан өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Террористік белсенділік аймағынан елімізге оралған әйелдердің 90% оңалтудан өтті. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алқа отырысында Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Е.Нүкежанов 2020 жылғы дін саласындағы жұмыс нәтижелері және ведомство алдына биыл қойылған міндеттер турасында айтты.

Комитет қызметінің стратегиялық бағыттары ең алдымен, ел дамуының зайырлылық қағидаттарын нығайтуға, үйлесімді конфессияаралық қатынастарды қамтамасыз етуге және халық арасында діни экстремизм идеологиясының таралуына қарсы іс-қимылға бағдарланған. Бұл бағыттар 2020 жылдың соңында қабылданған дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарында көрсетілген. Оның шеңберінде елдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.

Комитет төрағасы атап өткендей, 2020 жылы діни қызмет саласындағы 7 мемлекеттік қызметтің 6-ауы электрондық форматқа ауыстырылды. Енді оларды egov.kz порталында алуға болады. 2021 жылы осы саладағы барлық мемлекеттік қызметтерді 100% автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ ол деструктивті діни ағымдардың 3 мыңнан астам ұстанушысы қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарына қайта оралғанын, террористік белсенділік аймағынан елімізге оралған әйелдердің 90% оңалтудан өткенін, соңғы 3 жыл ішінде білім беру мекемелерінде хиджаб тағу фактілерінің саны 12 еседен астам төмендегенін хабардар етті. Бұдан бөлек, дін мәселелері бойынша 229 ақпараттық-түсіндіру тобының қызметі жөнінде мәлім етілді.

Е.Нүкежановтың айтуынша, діни радикалды идеологияның интернет арқылы таралуына қарсы тұруға ерекше көңіл бөлінеді. 2020 жылы әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағымдар идеологиясын насихаттайтын радикалды топтарда тіркелген қазақстандықтардың саны 2019 жылмен салыстарған 44% азайып, 21 мыңнан астам радикалды материалдар жойылған және бұғатталған.

Сонымен қатар ведомство төрағасы жемісті мемлекеттік-конфессиялық ынтымақтастық туралы айтып, пандемия және карантин режимі кезеңінде мемлекетке көрсеткен қолдауы үшін Қазақстанның діни бірлестіктерінің өкілдеріне алғыс білдірді.


Соңғы жаңалықтар