Террористік баппен ұсталғандар полицияға қарсы шықпақ болған - Алматы полициясы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы брифинг кезінде террористік әрекет жасамақ болды деген күдікпен ұсталғандардың қандай мақсаты болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, тергеу барысында күдікті Жұмағұлов, Омыров, Әбішевтер құқық қорғау органдарына қарсы бүлік шығармақ болғаны анықталды.

«Тергеу барысында Жұмағұлов басқарған топ құқық қорғау органдары мен мемлекеттік құрылымдарға қарсы қарсылық ұйымдастырмақ болғанын дәлелдейтін деректер табылды. Сонымен қатар, олар полиция қызметкерлеріне қоңырау шалып, отбасы мүшелерін қорқытпақ болған. Бет-ауыздарын бүркеп мемлекеттік орган басшыларының атына видеохабарлама жіберуді жоспарлаған», - деді С.Әзірбек.

Ұйымдастырушы жеке кәсіпкерлердің қаржысына қылмыстық топты қаржыландыруды көздеген.

«Жұмағұлов ақшаны бопсалау арқылы табуды жоспарлаған. Осы мақсатта Қырғызстаннан мылтық сатып алған. Ол барлық кінәні мойнына алатын адам іздеумен айналысқан. Олардан ұялы телефондар мен сим-карталар табылған», -  деді Салтанат Әзірбек.

Кәсіпкерлерді бопсалаудан түскен ақшамен Жұмағұлов құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы белсенді шабуыл жасамақ болған.

Айта кету керек, 25 қарашадан бастап қалалық ІІД Жұмағұлов, Омыров, Әбішевке қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдіктілерге ҚР ҚК 256-бабы «Терроризмді насихаттап, терроризм актісін жасауға ашық түрде шақырды» деген айып тағылып отыр.

Соңғы жаңалықтар