Террористік әрекеттердің Исламға еш қатысы жоқ - Тәжікстан мүфтиі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI съезі аясындағы «Құбылмалы геосаяси жағдайдағы діндер: адамзатты топтастыру үшін жаңа мүмкіндіктер» атты сессиясында Тәжікстан Республикасының мүфтиі Саидмукаррам Абдукодирзоде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы күндері терроризм туралы көптеген әңгіме өрбіттік. Барлығымыздың ойымыз бір жерден шығып отыр. Ол - жер шарының түкпір-түкпірінде болып жатқан терроризмге тосқауыл қою. Терроризм - бұл қылмыс. Онымен күресу үшін түрлі деңгейде конференциялар өткізіліп, мұндай қылмыстың түп-тамырына балта шабу мәселесі жан-жақты пысықталды. Бұл проблема әлем деңгейінде өте қауіпті құбылысқа айнала түскен. Сондықтан оны терең зерделеуміз керек», - деді ол.

Оның айтуынша, терроризм идеяларын терең түсінген жағдайда ғана оған тосқауыл қоюға болады. Жалпы бүгінде терроризм жастар арасында белең алуы да алаңдатып отыр.

«Терроризмді исламмен байланыстырмау қажет. Оны исламмен байланыстыру үлкен қателік. Террористік топтардың жасап жатқан әрекеттерінің исламға еш қатысы жоқ. Себебі ислам, зорлық-зомбылықтан, терроризмнен алшақ тұрады. Ислам бейбітішілік, келісім діні», - деді Тәжікстан мүфтиі.

Сөз соңында Саидмукаррам Абдукодирзоде Алла Тағаладан Қазақстанға бейбітшілік пен шыныштық тілейтіндігін баса айтты.

Айта кетейік, Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар