Террористік акті туралы жалған ақпарат берген адам іздестірілуде-Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында террористік акті туралы жалған ақпарат берген адам іздестірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін наурыздың 21-де сағат 18:15 полицияға Зеренді аудандық ауруханасының жедел жәрдем стансысының фельдшері хабарласып, «103» арнайы желісі арқылы медициналық мекемеге жарылатын зат қойылғаны туралы хабар түскенін айтты.

Дереу оқиға орнына ПД бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин, жергілікті атқарушы органдар, аудан прокуратурасы, жедел тергеу тобы және өзге қызметтер жетті. Тәртіп сақшылары медициналық мекеменің қызметкерлері мен науқастарды, яғни, 66 адамды эвакуациялады», - дейді ведомстводан.

ПД баспасөз қызметіндегілердің мәліметінше, саперлер ауруханадан жарылғыш затты таппады. Эвакуацияланған адамдар жұмыс орны мен палаталарына қайтты.

«Қазіргі кезде ҚР ҚК 273 бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Жалған ақпарат беріп, жұртты дүрліктірген адамды анықтап, ұстау бойынша жедел іздестіру шарасы жүргізілуде», - деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар