Террористердің арасында снайперлер болды – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыдағы тәртіпсздіктер кезінде Көктөбедегі телемұнараға екі рет шабуыл жасалған. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Хабар 24» телеарнасының эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ең алдымен, олар қаланың әкімшілік ғимараттарын, Алматы қаласындағы телеарналардың кеңселерін басып алып, қиратты. Орталық теледидарда тікелей эфирге шығуға бірнеше әрекет жасалды. Екі рет шекара әскерінің күшімен Көктөбедегі телемұнараға жасалған шабуылдың беті қайтарылды. Әуежай мен бірнеше ұшақ жедел басып алынды. Барлық басып алынған объектілерде баррикадалар мен блок-бекеттер орнатылды. Тұтқындалған әкімдіктің әр қабатында содырлар кезекшілік етті, барлық кіріп-шығатын дәліздерді қадағалады. Олар қала бойынша оңтайлы бағыттар бойынша қозғалып отырған. Өзара арнайы жеке байланыс желісін қолданған болуы мүмкін», -деді Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Оның сөзіне қарағнада, өткен түнде де Алматы қаласында қақтығыстар болған.

«5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасалды. Террористер жағынан арнайы винтовкалары бар мергендер әрекет етті. Мергендер сыртқы бақылау камералары, байланыс және аудиовизуалды ақпаратты беру құралдарының көзін жойды. Басты көздегендері құқық қорғау органдарының қызметкерлері болды. Жас курсанттың басын кесіп кеткен кем дегенде бір жағдай белгілі. Қазіргі уақытта қайтыс болған 18 қызметкер туралы белгілі», - деді Дәурен Абаев.


Соңғы жаңалықтар