Терминкомның құзыретін күшейту керек - Шерубай Құрманбайұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдерді қазақ тіліне аударудың негізгі мәселелерін атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғалымның сөзіне қарағанда, бүгінде терминдерді кәсіби түрде аударатын мамандар бар. Бірақ олардың басым бөлігі басқа салаларда жұмыс істейді. «Біреуі жоғары оқу орнында тілдің морфологиясы мен синтаксисінен сабақ беріп жүрсе, екіншісі басқа құрылымдарда еңбек етеді. Қысқасы, біз бар маманның өзін бір орталыққа шоғырландырып, күшімізді біріктіре алмай отырмыз. Сосын терминология жұмыстары республика деңгейінде жүйелі түрде үйлестіре отырып, жоғары кәсіби деңгейде жүргізілмей жатыр. Осы салада жасалып жатқан жұмыстар бар. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ толықтай жүйелі түрде үйлестіру жұмысы әлі жолға қойылды деп айта алмаймыз. Ең үлкен мәселе осы», - деді Ш.Құрманбайұлы ҚР Парламент Мәжілісінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда.

Оның айтуынша, кеңестер кезінде орыс тіліндегі терминдерді барлық одақстас мемлекеттердің бәрі қолданды. Себебі Мәскеуде арнайы комитет болды. Соған барлық мықты мамандар шақырылды. Ал комитеттің өзі тіл саясатының бұлжытпайтын заңдарды бір уысында ұстап отырды.

«Өкінішке қарай, Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін біз терминологияны дәл сондай әдіспен жүргізіп, бәр қолға алып, мемлекеттің тіл саясатына негізделген жүйелі, үйлестірілген, кәсіби, жоғары деңгейде жүргізетін құрылым жасап, сонымен ұстай алмадық. Сол себепті терминологиялық жұмыстар шашырап кетті деуге болады. Жасалып жатыр. Бірақ орталықтандырылған жүйе қалыптаспай отыр. Кеңес одағы арнайы комитетті еріккеннен құрған жоқ. Орыс тілінің ғылым тілі ретінде үстемдігін орнату үшін құрылған болатын. Ал өз еліміздегі қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қолданылуы сіздер мен біздердің басты міндеті болса керек», - деп атап көрсетті Ш.Құрманбайұлы

Ғалым қазіргі терминкомның қызметін күшейту керек деп санайды. Осы орайда аталған құрылымның құзыретін де, мәртебесін де көтерген жөн. Сонда ғана бектіліген терминдерді кеңінен қолданады. Бұдан бөлек, терминтанушы білікті мамандарды көбірек даярлау қажет.

Айта кетейік, бүгінгі жиында Аxмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек терминология сөздіктерін шығару жоспарлары туралы айтты. Арнайы бағдарлама аясында терминологиялық сөздіктерді шығару жоспарланып отыр. Осы жұмыс келесі жылы бастауыш мектептен басталады.

Соңғы жаңалықтар