+7 (701) 759 90 19
USD 389.94 EUR 433.50
RUB 6.10 CNY 55.13
Jańalyqtar

Теріс діни сенімнің қоғамға кері әсері көп- маман

2019 жылғы 22 қыркүйек 11:24
Бөлісіңіз:
Теріс діни сенімнің қоғамға кері әсері көп- маман

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Еліміз тәуелсіздік алған сәтте зайырлы бағытты таңдап, Ата заңымыз бойынша дінді мемлекеттен бөлек деп нақты бекіткені белгілі. Алайда арада өткен ширек ғасыр қоғамдағы дін саласында мемлекет тарапынан белгілі бір жүйелеу жұмыстарының қажеттігін дәлелдеп үлгерді. Ол үшін ең әуелі «дін» дегеніміз не деген сауалға жауап іздесек, әлі күнге ғылым саласында оның бірыңғай ұғымы жоқ. Себебі жер бетінде қанша діндер мен діни ағымдар болса, соның барлығы өз дүниетанымына сай сипаттама берген. Бірақ, ұғымдар түрлі болса да мағынасы ұқсас болып келеді. Соның ең негізгісінде қоғам өмірінің ерекше рухани саласы ретінде дінді адамдардың Жаратушыға сенім-нанымдарын білдіретін және сол Жаратушыны тануға арналған ілімдер жүйесі», деп анықтама береді. Дін дегеніміз не? Теріс діни сенімнің қоғамға кері әсері бар ма? Бұл сауалдарға дінтанушы-журналист Айша Кеңесбай жауап берді.

Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі таңдағы ең үлкен жиһад - білімсіздікпен күрес Діннен ізгілікті, дәстүрді көрген дұрыс – ғалым Сириядан оралған Шынар басынан өткендері туралы кітап жазбақшы

-Айша Кеңесбайқызы, діннің негізін құрайтын сенім мәселесіне кеңірек тоқталып өтсеңіз. Ол діни, пұттарға сенім, табысқа, жеңіске деген сенім секілді әртүрлі болып келеді ме?

- Діни сенім әртүрлі діндердің, конфессиялардың және секталардың діни ілімдерін оқып-үйрену арқылы қалыптасып, сол сенімнің бағытына мықтап түсіреді. Ол адам сол сенімнің жолын ұстауға психологиялық тұрғыдан бағындырылғандықтан, оның сол үйренген діни сенімінен шығып кетуі психологиялық тұрғыдан өте қиын. Мұндай жағдай адамды күйзеліске, сенімсіздікке ұшыратуы мүмкін.

-Демек, рухани құндылық іздеген адамдардың қандай да бір теріс бағыттағы діни ағым өкілдерінің уағыз-насихатына түсуі – ислам діні төңірегінде айқын көрініс тапқан бүгінгі әлемдік тенденция ма?

-Осыдан 14 ғасыр бұрын адамзатқа өркениет бастауы болған исламды озбырлық діні, ал мұсылмандарды қылмыскер етіп көрсету соның дәлелі. Мәселен қазір соғыс алаңына айналған Сирияға қатысты жағдайды алсақ, «Жихад» деген түсінікпен Шам жеріне аттанушылар біздің елімізде ғана емес, көрші Қырғыз, Тәжік, Ресей, яғни кеңестік саясаттың құрсауынан шыққан елдердің көпшілігінде бар жағдай. Бұған басты себеп кезіндегі атеистік түсініктен кейінгі ақ пен қараны ажырата алмайтын сана дағдарысы не болмаса жұмыссыздық, әлеуметтік жағдай десек, бұл фактілерге қарсы аргумент ретінде дамыған, оң мен солы айқын, сенім-нанымдарына шектеу жоқ, демократиялық еркіндігі мол Еуропаны алуға болады. Радикализм мен саяси зорлық-зомбылық жөніндегі Халықаралық «Quilliam Foundation» зерттеу орталығы мәліметіне сүйенсек, Сирияға аттанушылар әсіресе, Франция, Англия, Германия, Белгия елдерінен көп. 2013 жылғы желтоқсанда Франциядан 412 адам Сирияға аттанса, бір жыл өтпей 2014 жылдың қарашасында олардың қатары 70 пайызға дейін өскен. Ал сол жылы Англиядан 366 адам аттанса, 11 айда тағы 500 адам соқыр сенім жетегінде Шам елінен бірақ шыққан. Ирландия, Швецария елдері тізім соңында. Ал көрші қырғыздар 2015 жылғы дерек бойынша Сирияға аттанушылар арасында жастармен қатар 17 мен 24 жас аралығындағы өрімдей қыз-келіншектердің көптігіне алаңдауда. Тіпті экстремистік қылмыспен түрмеге тоғытылғандардың төртен бірі әйелдер екен. Біздегі жағдайға келсек, Дін істері комитеті Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының соңғы мәліметінше Сирияға аттанғандар қатары 400-500-дей деп саналса, оның жартысына жуығы әйелдер. Алайда соңғы айтылған деректі осыдан 2-3 жыл бұрын білсек те, одан өзге мәлімет әлі естімедік. Мәселен, соңғы бір жылдың өзінде көпбалалы бірнеше отбасының Бішкек арқылы Сирияға аттанғандығы жөнінде ақпараттар бар. Бұл жағдайларда олардың сенімсіздікке ұшыратуы мүмкін.

-Қазақстандық әйелдердің қақтығыс аймақтарына кетуінің себебі не деп ойлайсыз?

- Осы мәселелерге қатысты басты кінәні отбасындағы ер азаматпен байланыстырушылар жиі кездесуде. Яғни ислам діні бойынша отбасына отағасы жауапты болғандықтан әйелі оған бағынуы арқылы шариғат заңын сақтады деген пікірде. Ал шариғат талаптарын сараласақ, бұл пікірлердің жаңсақ екенін білеміз. Әлбетте, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): Әйел 5 уақыт намазын оқыса, Рамазан оразасын тұтса, ар-ұятын сақтап, күйеуіне бойұсынса, оған жәннатқа қалаған есігіңнен кір делінеді! Сондай-ақ, «Ер кісі жанұяның тәрбиешісі. Сондықтан жанұя тәрбиесі үшін жауапкер», - деген.

- Сонда расымен, соғыс алаңына айналған елге аттанған бүкіл отбасыларының жағдайында отағасы ғана жауапкер болады ма?

- Бұл арада, әрине исламдағы әр адамның азаматтық құқығын қарастырамыз. Себебі, отбасындағы әрбір мүшенің өзіндік міндеттері болғанымен, балиғат жасына толған әрбір мұсылманның Алла алдындағы жауапкершілігі бөлек. Сол сияқты ата-ананың да балалары алдындағы әрқайсысының өз құқытары бар. Жалпы ислам дінінде ер мен әйелдің жағдайын тең дәрежеде қарастырады. Себебі қасиетті Құранда: «Ей, адамдар! Расында сендерді еркек пен әйелден жараттық және бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Күдіксіз, Алла хұзырында ең жоғарыларың тақуаларың!»-деген.[8] Яғни ер мен әйелді жаратылысы жағынан тең дәрежеде әрі әркім тақуалығы арқылы бағаланатындықтан, ер де, әйел де Алла алдында өз іс-әрекетіне дербес жауапты.

-Елден жырақтағы белгісіз соғысқа ат салысу – діни жағынан да, заңдық жағынан да айыпталады емес пе?

-Ақиқаттың тағы басқа қырынан қарасақ, бұл дінді «мықты» ұстанушымыз деген отандастарымыздың әрекеті қоғамда ислам дініне деген теріс түсініктің қалыптасуына тікелей ықпал етуде. Себебі, олардың қайсысын алсаңыз да исламның талабы деп сақалдарын жіберіп, ал әйелдері орамалда, сырт көзге шариғатқа мойынсұнышылар екенін бірден аңғартады. Бірақ әрекеттері: ата-ананы сыйламау, діни сенім-нанымына еркіндік беріп, құлшылығына кедергі келтірмейтін зайырлы қоғамға кінә артып, басшылыққа бағынбау сынды толып жатқан қайшылықты іс-әрекеттер еліміздегі ислами жамағаттың жаманатты болуымен қатар, қоғам тыныштығына қатер төндіру арқылы болашақта азаматтардың діни сенім-бостандығына қауіп келтіруде. Себебі, 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбенің үш жерінде атыс болып, 19 адам қаза тапты. Оның төртеуі бейбіт тұрғын болса, үшеуі – әскерилер. Ұлттық Ұланның № 6655 әскери бөліміне бейбіт күнде діни содырлардың баса көктеп кіруі – олардың келешекте кез-келген қоғамдық орындарда оқ жаудыруы әбден мүмкін екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы жағдайлардан «жиһадты» желеу еткен теріс түсінік иелерінің ислам дінінің мақсатын түбегейлі түсінбеуін меңзейді. Себебі. «жиһад» тілдік мағынасы бір сөзбен «күрес» деген ұғым, яғни белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін бір істі істеуде бар қажыр-қайратың мен ынта-жігеріңді жұмсау, тырысу, күресу дегенді білдірсе, шариғи терминдік мағынасында, «Жихад - адамға Алла Тағаланы тану үшін жол ашу». Сондай-ақ исламда қарулы соғысқа тек 3 жағдайда ғана рұқсат етіледі: Бірніші қорғану мақсатында, шабуыл жасаған жауға қарсы соғыс; Екінші өзіңе шабуыл жасайтыны нақты анықталған дұшпанға соғыс тактикасы бойынша бірінші болып шабуылдауға; үшінші түрлі зұлымдықтарға жол бермеу мақсатында. Ал, жиһадты, мемлекет басшылығы, билік орындары ғана жариялай алады, жекелеген адам не болмаса партиялардың оған құқығы жоқ. Әлбетте «заңды білмеу жазадан құтқара алмайды» деген зайырлы қоғам қағидасын ескергенде, бейбіт елдің тыныштығын бұзу фактісі, дін атын жамылған қылмыстың болашақта қайталанбауы үшін билік орындарын арнайы қатаң шараларға баруына итермелейді. Бұл кез-келген мемлекеттік жүйеге тән мәселе. Алайда біздің мемлекетіміз, бұл арада салмақты қадам жасап отыр деуге болады.

-Мысал ретінде қандай қадамды айтар едіңіз?

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының нұсқауына сай, 2016 жылдың қыркүйек айында Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің құрамында «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институты» ашылды. Онда еліміздің әр өңірінен шақырылған 20 имам арнайы біліктілін арттыра бастады. Оларға тек діни негіздерді ғана емес, қазіргі заман талабына сай пәндерден де дәріс беріліп, қазір сертификаттарын алып елмен тікелей жұмыс істеуге аттанды. Жоспар бойынша алдағы 2 жылда 200-дей имамның біліктілігін артыру көзделген. Сондай-ақ, экстремизм мен терроризмге қарсы елімізде заң жобасы қайта қаралып, жазаны қатайту мәселесі уақыт талабына айналды. Яғни, жаңа заң жобасында елде бүлік шығарғандарға қатысты жаза күшейтіліп, қару-жарақ айналымы, көші-қон мәселесі ескерілмек. Тіпті енді Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне экстремизм мен терроризм үшін сотталғандардың мал-мүлкін түгел тәркілеу міндетті шара ретінде енгізуі қарастырылуда.

Сондай-ақ, заңсыз қару-жарақ, есірткі айналымы, көші-қон саласындағы қылмыстық жағдайларда жауапкершілік күшейтілмек. Себебі аталған топтағы қылмыстар халықаралық деңгейдегі терроризмнің арналары болып саналады. Міне бұл зайырлы қоғамның зайырлы қадамдары. Бірақ қазір ақпараттық ашық қоғамда бұл шаралардың өзі жеткіліксіз. Себебі адамдардың санасын еркін түрде жаулап жатқан жат ағымдардың ақпараттық экспансиясына тосқауыл ретінде тұрғындарды діни сауаттандыру аса маңызды. Алайда 2 айда 20 имамды қайта даярлау не болмаса жаңа заң жобасын талқылап, оны қабылдап іске асыру уақытты талап ететіндіктен, біз уақыттан ұтылуымыз белгілі жағдай. Сондықтан қазіргі еліміздегі теріс діни ағымдағыларды зерттеу және сараптау орталықтарының нәтижелеріне сүйене отырып, еліміздегі білікті ғалымдар мен мамандардың қатысуымен арнайы жүйелі телебағдарламалар, бейнеролик, теледәрістер ұйымдастырылу арқылы халықтың діни түсінігін дұрыс бағытта дамуы қарастырылуы тиіс. Себебі, қазіргі ақпараттық-насихаттық топтардың тұрақты іссапарлары да жеткіліксіз.

Ал жалпы кітап не болмаса әдістемелік кітапша, құралдарды оқуға қоғамның аз бөлігі ғана белсенді. Себебі қазақ аудиториясын алсақ, бір кітаптың таралымы ары кетсе, 3000-5000 данадан аспайды. Сол сияқты жеке басылымдардың таралуы 5-6мың данамен шектеледі. Яғни бізде осынша ғана тұрақты оқырмандар бар деген сөз. Негізгі көпшілік ғаламтор, теле-аудио бағдарламаларды көптеп қызықтайды. Ал ҚМДБ-ның дерегінше, қазір елімізде мешіттерге тұрақты баратын не болмаса күнделікті 5 уақыт намазын оқушылар қатары ары кетсе, 500 мың. Сондықтан, қазіргі білікті діни мамандар мен ғалымдардың тапшылығын ескере отырып, олардың сапалы әрі тиімді дәрістерін технологиялық мүмкіндіктер көмегімен тиімді пайдалану жобасы маңызды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Алматы, Дін,
Бөлісіңіз:

Автор:

Алма Мұқанова

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT