Тері бұйымдарын таңбалаудың арқасында импорттаушылардың саны 30%-ға өсті – Бақыт Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет басшысына тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу мәселелері бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еуразиялық интеграцияның негізгі басымдықтарының бірі – тауарлардың еркін және заңды айналымын, теңдестірілген сауда мен адал бәсекелестікті қамтамасыз ету бағыттарында үйлестірілген саясат жүргізу. 2019 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді ратификациялады. Келісім нормаларын орындау шеңберінде Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның тері бұйымдарын, аяқ киім тауарларын, иіссуларды, шиналар мен резеңке тыстарды таңбалау жөніндегі негізгі шешімдеріне қосылды. Ашық үш кезеңді конкурс өткізу арқылы Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторы айқындалды», - деді Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында.

Министр қазіргі екі жылдық пилоттық жобалардың нәтижесінде елімізде табиғи теріден жасалған бұйымдарды 2019 жылдың 1 наурызынан, ал темекі өнімдерін биылғы жылы 1 қазаннан бастап міндетті түрде таңбалау тәртібі енгізілгенін мәлім етті.

«Тері бұйымдарын таңбалау салық заңнамасын бұзатындарды, яғни жеңілдетілген салық салу үшін арнайы салық режимі бойынша шекті межелік мәнді қолдану мақсатында кірістері төмендетілген салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде, патент негізінде осы қызмет саласындағы субъектілер саны 13 есе қысқарды. 2018 жылы тауарларға декларация ресімдеген импорттаушылардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті, ал олардан импорт бойынша кедендік баждар мен салықтар түсімдерінің өсімі 40%-ды құрады. Осы қызмет бойынша ішкі салықтар түсімдерінің өсімі 1,5 есе артты», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар