Тергеудің әділ жүруін қадағалау мақсатында Мәжіліс депутаттары өңірлерге барды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тергеу амалдарының ашық әрі әділ жүруін қадағалау мақсатында Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелері Берік Дүйсенбинов пен Ерлік Өмірғали Қызылорда қаласына барды. Бұл туралы ҚазАқпарат төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Депутаттар қаңтар оқиғасына байланысты күдікті деп танылып, тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтармен және олардың жақындарымен кездесті.

Жеке қабылдауға келген азаматтар қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен ұсталып, тергеу изоляторында қамауда жатқан азаматтардың жағдайы туралы баяндады.

Кездесу барысында мемлекет тарапынан берілетін адвокаттар мәселесі де терең талқыланып, қамауда жатқандардың туыстары ақылы адвокаттарды жалдауға қалталары көтермейтінін жеткізді.

«Біздің тергеу амалдарына араласу ойымызда жоқ. Тек, мына расымен де адасқан, жансық басқан жастардың қылмыскерлердің қатарын толықтырмаса екен, әділдік болса екен деген оймен келіп отырмыз», - деді өз кезегінде Берік Дүйсенбинов.

Жеке қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымдарымен танысқаннан кейін, депутаттар Қызылорда облыстық прокуратурасының өкілдерімен де кездесті. Қызылорда облыстық прокурорының орынбасары Д.Катаев, Қылмыстық қудалау басқармасының басшысы Б.Нұрмағамбетов және арнайы прокурорлар басқармасының басшысы А.Әлімбаев тергеу изоляторында қамауда отырған күдіктілер бойынша және құқық қорғау органдарымен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде түсініктеме берді.

Қызылорда облыстық прокуратурасы өкілдерінің мәлімдемесіне сәйкес күдікті деп ұсталған азаматтарды ұрып-соғу және олардың денсаулықтарына зиян келтіру деректері бойынша қазіргі таңда полиция қызметкерлеріне қатысты 13 қылмыстық іс қозғалған.

Сондай-ақ, бұл жиынға Қызылорда қаласының адвокаттар коллегиясының адвокаттары да қатысты. Депутаттар тарапыпан жеке қабылдауда болған азаматтардың арыз-шағымдары жинақталып, Бас прокурордың қарауына ұсынылатындығын және азаматтардың заңды құқықтарының қорғалатындығы түсіндірілді.



Соңғы жаңалықтар