Тергеу изоляторына дене жарақатымен түскендерге медкөмек көрсетілуде - МӘМС

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккендер мен тергеу изоляторына қамалғандарға медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес ұйымының Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғасы кезінде тергеу изоляторына қамалған немесе қандай да бір жарақат алған жәбірленушілерге кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында медициналық қызмет көрсетіліп жатыр. Бүгінгі күні бізде зардап шеккендерге қажетті көлемде тиісті медициналық көмек көрсетілмегені туралы дерек жоқ», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен қатар, ол медициналық сақтандыру қоры мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы барлық зардап шеккендерге, соның ішінде тергеу изоляторындағыларға консультативтік-хирургиялық көмек ұйымдастырғанын айтты.

«Қазіргі уақытта сақтандыру қоры мен денсаулық сақтау басқармасы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және тергеу изоляторымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Жағдай бақылауда. Зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі»,- деді спикер.


Соңғы жаңалықтар