Теректі ауданы орталығында қазақ тілінде білім беретін мектеп жаңа ғимаратқа қоныстанатын болады

None
None
ОРАЛ. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Теректі ауданының орталығы Федоров ауылында жыл аяғына дейін қазақ тілінде білім беретін мектеп жаңа ғимаратқа қоныстанатын болады.


Бұл туралы осы өңірде мемлекеттік тілді орнықтыру мәселелеріне арналған жиында аудан әкімі Алексей Горобцов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш жиында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Махамбет Ихсанғали, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Кукашев және басқалар аудан тұрғындарының 84 пайызы қазақтар болғанымен, мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін кең қанат жая алмай отырғанын атап өтті.

М.Ихсанғалидың айтуынша, тілге қатысты шаралар Бөрлі, Зеленов аудандары мен Орал қаласында да ұйымдастырылатын болады. Әсіресе, тіл жанашырлары жеткіншек ұрпақты ана тілінде оқытуға ықпал етпек. Өкінішке қарай, аталған жерлерде бұл мәселе де өткір тұр. Айталық, Орал қаласы бойынша биыл ұлты қазақ 398 бүлдіршін сабақ орыс тілінде жүргізілетін мектептің табалдырығын аттамақшы.

Соңғы жаңалықтар