19:54, 23 Қыркүйек 2020 | GMT +6
Теннистен Ролан Гаррос турнирі: Дмитрий Попко іріктеу кезеңінің финалына өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Ролан Гаррос турнирі іріктеу сайыстарының финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүинежүзілік рейтингте 170-орында тұрған Д.Попко іріктеу додасының жартылай финалында әлемнің 137-ракеткасы, германиялық Оскар Оттемен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен басым түсті.
Екінші сет тай-брейкке ұласып, онда да Д.Попко әбжілдік танытты – 7:6 (7:5).
Тартысты бәсеке 2 сағат 5 минутқа созылды.
Д.Попко іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 155-сатыдағы эквадорлық Эмилио Гомеспен күш сынасады. Оны жеңсе, 27 қыркүйек күні басталатын негізгі турнирге жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың Страсбург турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.