Теннистен Нұр-Сұлтан турнирі: Денис Евсеев жұптық сында жартылай финалға шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Денис Евсеев өзбекстандық Денис Истоминмен бірге жұптық сында елордада өтіп жатқан Forte Challenger 100 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық-өзбекстандық жұп ширек финалда канадалықтар Петер Полански – Брейден Шнурмен күш сынасты.

Қос Денис бірінші партияда қарсыластарын бет қаратпады – 6:0.

Екінші сетте де олар 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры 47 минутқа созылған матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Д.Истомин мен Д.Евсеев бәсеке барысында үш брейкке қол жеткізді. Енді олар жартылай финалда америкалықтар Натан Паша – Макс Шнурмен шеберлік байқасады.

Америкалық жұп ширек финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко мен грузиялық Александр Метревелиді тартысты ойында 7:5, 7:6 (7:5) есебімен жеңіп кетті.

Бұдан бұрын осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық Александр Недовесов пен украиналық Денис Молчанов қарсыластарының бірі жарақат алуына байланысты жартылай финалға өткен болатын. А.Недовесов пен Д.Молчанов финалға шығу үшін германиялық Юлиан Ленц – эквадорлық Роберто Кироспен таласады. Бұл жұп ширек финалда франциялық Уго Гренье – Александр Мюллерді тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Д.Попко мен А.Недовесовтің жұптық сындағы кездесулерін сәтті өткізгенін, ал А.Бубликтің Сингапур турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар