Теннистен Қазақстан балалар құрамасы Азия чемпионатының финалдық кезеңіне шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ташкент қаласында теннистен 12 жасқа дейінгілер арасында Орталық Азия аймағының командалық біріншілігі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Ауғанстан құрамалары екі топқа бөлініп, сынға түсті.

Қазақстан теннис федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, қазақстандық ұлдар өз тобында Қырғызстан және Өзбекстан құрамаларын тізе бүктіріп, бірінші орынға ие болды.

Қырғызстандықтармен матчта қазақстандықтар жұптық сында таразы басын өздеріне аударды – 2:1. Өзбекстанмен ойында да алғашқы екі бәсекеден кейін есеп 1:1 болды. Жұптық сында Гиорги Брегвадзе мен Роберт Каминский супер тай брейкте жеңісті жұлып алды – 6:7 (5:7), 6:2, 10:2.

Айқын басымдылық көрсеткен қыздар Қырғызстан құрамасын 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Содан кейін корт иелерін де жеңді – 3:0.

Қазақстан құрамасы сапында мына теннисшілер өнер көрсетті:

Ұлдар:

1. Гиорги Брегвадзе (Атырау);

2. Роберт Каминский (Алматы);

3. Родион Трайгель (Қарағанды);

Капитаны Сергей Квак.

Қыздар:

1. Линара Бөлешева (Алматы);

2. Медина Өтепберген (Алматы);

3. Полина Барабанова (Қарағанды);

Капитаны Ольга Дзюба.

Осылайша, іріктеу жарысының қорытындысымен Қазақстан және Өзбекстан құрамалары биыл жыл соңында елордада өтетін Азия чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Штутгартта Аустралия ашық чемпионатының екі жеңімпазын ұтқанын, Михаил Кукушкиннің Ноттингем турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Бүгін Еуропа елдерінде өтіп жатқан халықаралық турнирлерде бірнеше қазақстандық теннисші кортқа шығады.


Соңғы жаңалықтар