Теннистен Дэвис кубогында Қазақстан құрамасы соңғы матчын өткізді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шотландияның Глазго қаласында Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасы D тобындағы соңғы матчын Дэвис кубогының он дүркін чемпионы Ұлыбританиямен өткізді.

Қазақстандық Дмитрий Попко «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы, екі мәрте Олимпиада жеңімпазы Энди Маррейге 4:6, 3:6 есебімен есе жіберсе, Александр Бублик Кэмерон Норриді ұтты – 6:4, 6:3.

Жұптық бәсекеде Александр Недовесов пен Александр Бублик әлемнің бірінші және үшінші ракеткалары Джо Солсбери мен Нил Скупскиге қатты қарсылық көрсетті. Үш сет те тай-брейкпен аяқталып, соңғы сәтте ұлыбританиялықтар жеңісті жұлып алды – 6:7, 7:6, 6:7.

Жалпы есеп – 1:2, Ұлыбритания пайдасында.

Топтық бәсеке барысында Бублик пен Недовесов әлемнің жұптық сындағы көшбасшылары, нидерландылықтар Колхоф (4 ATP) пен Мидделкопты, сондай-ақ америкалықтар Рам (2 АТР) мен Сокты жеңді.

D тобынан Нидерланд пен АҚШ құрамалары ширек финалға шықты. Енді қазақстандық теннисшілер алдағы жылдың ақпанында келесі командалық әлем чемпионатының жолдамасы үшін таласады. Жеребе қараша айының аяғында тартылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның биылғы бесінші титулына қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Словениядағы турнирдің финалында ұтылып қалды.







Соңғы жаңалықтар