Теннистен ӘЧ: Ұлыбританиямен матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шотландияның Глазго қаласында теннистен командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде С тобында Қазақстан – Ұлыбритания матчы өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кортқа алғашқы болып Қазақстанның екінші, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева мен дүниежүзілік рейтингіде 124-орында тұрған Кэти Бултер шықты.

Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, екеуінде де Ю.Путинцева жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бастапқы кезде Юлияның ойыны жүрмей, қалыпқа келе алмады. Соны пайдаланған британдық теннисші 3:1 есебімен алға кетті. К.Бултер сет соңына дейін сол басымдылықты сақтап қалды – 6:4.

Екінші партияда керісінше қазақстандық спортшы брейк жасап, есепті 4:2-ге жеткізді. Сосын өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте Ю.Путинцева қатарынан екі брейк жасады – 4:0. Содан соң өзінің екі геймін алды – 6:2.

Осылайша, Ю.Путинцева командасын алға шығарды. Есеп – 1:0, Қазақстанның пайдасында.

Екінші ойында Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина мен рейтингте 98-сатыдағы Хэрриет Дарт шеберлік байқасады.

Сондай-ақ Қазақстанның жұптық сындағы үздігі Анна Данилина мен Е.Рыбакинаның Алисия Барнетт – Оливия Николлстің бәсекесі белгіленген.

Әлем чемпионаты үш командадан төрт топқа бөлінген. Әр топтың жеңімпаздары ғана жартылай финалға жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен кездесетінін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар