Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері тарихи нәтижеге қол жеткізді

None
Фото - Қазақстан теннис федерациясынан
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Juniors Billie Jean King кубогі (командалық әлем чемпионаты) Азия – Тынық мұхиты аймағы бойынша іріктеу турнирі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандық қыздар бүгін тартысты финалдық матчта жарыстың бірінші ракеткалары – Жапония құрамасына есе жіберді.

Алдымен, Анастасия Крымкова Ямомотоны 6:3, 6:4 есебімен ұтты. Содан кейін Полина Слепцова Жапония құрамасының көшбасшысы, жасөспірімдер арасында әлемнің 68-ракеткасы Тсуджиокаға жол берді – 5:7, 4:6. Жұптық сында Ариана Гогулина меен Анастасия Крымкова қарсыластарынан жеңіліп қалды – 4:6, 1:6.

Соңғы бәсекеде ұтылып қалғанына қарамастан, Ярослава Шведованың шәкірттері алғаш рет командалық әлем чемпионатына жолдама алды.

Осыған орай Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов өз пікірін білдірді.

«16 жасқа дейінгі қыздар құрамасын әлем чемпионатына жолдама алуымен құттықтаймын. Команда өз жерімізде іріктеу сатысын сәтті өткізіп, күшті құрамаларды жеңді. Әсіресе, жартылай финалда жасөспірімдер арасында Билли Джинг Кинг кубогінің бес дүркін чемпионы – Аустралияны ұтты. Финалда тартысты бәсекеде Жапонияға жол бергенімен, басты міндетті орындады. Алғаш рет 16 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатына шықты. Бапкерлермен бірге жасөспірім қыздар жоғары деңгейді көрсете білді. Бұл біздің Қазақстан теннисін дамытудағы жолымыздың дұрыстығын танытады. Іріктеу сайысындаңы жеңістер әлем чемпионатында жалғасады деп үміттенемін», деді Б.Өтемұратов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жасөспірім қыздардың алғаш рет теннистен әлем чемпионатына жолдама алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар