Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері іріктеу кезеңінде 4-орынға табан тіреді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Малайзияның Кучинг қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында командалық әлем чемпионатының Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеней, Мәдина Рахымның шәкірттері қола жүлде үшін бәсекеде іріктеу турнирінің бірінші ракеткасы болып тіркелген Аустралия командасымен сынға түсті.

Алдымен, Сәбина Шухратова қарсыласына 1:6, 3:6 есебімен есе жіберді. Екінші кездесуде Ева Корышева да жеңіске жете алмады – 2:6, 1:6.

Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы төртінші орынға ие болып, әлем чемпионатының финалдық кезеңінен тыс қалды.

«Мақсат әлем чемпионатына жолдама алу болатын. Қыздар тырысқанымен, сәттілік жетіспеді. Топтық бәсекеде Жаңа Зеландия мен қытайлық Тайбэйді ұтты. Ширек финалда іріктеу кезеңінің екінші ракеткасы болып тіркелген Үндістан құрамасын ойсырата жеңді. Жыл сайын командада алға жылжу байқалып отыр. Өткен жылы алтылыққа енсек, биыл үздік төрттікке іліктік. Сондықтан, команда капитаны Мәдина Рахым мен қыздарға жеңіске деген жігері үшін алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ, алдағы дүйсенбіден бастап іріктеу турниріне қатысатын қазақстандық ұлдарға сәттілік тілеймін», - деді Қазақстан теннис федерациясының 14 және одан кіші жастағы ойыншыларды дамыту жөніндегі менеджері Шухрат Каюмов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің жұптық сында Майами мастерс турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Елена Рыбакина Майами мастерс жарысының үшінші айналымына өтті және ол жеке рекордына қол жеткізді.

Қазақстан мен Аустралияның жасөспірім теннисшілері әлем чемпионатының жолдамасын сарапқа салатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар