Теннисші Жібек Құламбаева биылғы бесінші титулына қол жеткізді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Италияда өткен ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, 22 жастағы Ж. Құламбаева латвиялық Дарья Семенистаямен бірге финалда қытайлық Джинг Лю - босниялық Анита Вагнерді 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Кездесу бір сағаттан астам уақытқа созылды.

Осылайша, Жібек биылғы маусымда ITF жарыстарында бесінші титулына қол жеткізді. Ол спорттық жолында жұптық сында барлығы 19 рет үздік шықты. Оған қоса, жекелей сында екі мәрте чемпион атанды.

Сондай-ақ, қазақстандық жасөспірімдер Бакуде 14 және 16 жасқа дейінгілер арасында Tennis Europe додасында табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, Team Kazakhstan академиясының түлектері Демид Горбачев пен Мансұр Шәкен жұптық сында ешкімді шыдатпады. Олар соңғы бәсекеде ирандық Кираш Ханифи - түркиялық Барук Сиваслиден айласын асырды – 6:2, 6:2. Жекелей сында Демид финалда түркиялық Бугра Озкочқа есе жіберді – 2:6, 4:6.

Бакуде Ариана Гогулина мен Аружан Нұранбай финалда ресейліктер Влада Гурелева - Ульяна Храбаветцке жол берді – 2:6, 4:6. Жекелей сында Ариана тартысты матчта В. Гурелевадан ұтылды – 1:6, 6:4, 0:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Чехиядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Ал, Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Порторож (Словения) WTA 250 турнирінің финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар