Теннисші Юлия Путинцева Мадридте тартысты матчта қарсыласына есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 16-ыншы, осы ірі жарыстың 14-ракеткасы, 18 жастағы америкалық Кори Гауфпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда америкалық теннисші басымдылық танытты – 6:1.

Екіншісінде Ю.Путинцева есе қайырды – 6:2.

Үшінші, шешуші сетте К.Гауфф брейкпен алға кетті – 2:0. Дегенмен қазақстандық спортшы сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Алайда есеп 4:4 болған мезетте америкалық теннисші тағы бір брейк жасап, матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жібермеді – 6:4.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.

К.Гауфф жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 2-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосаны 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған чехиялық Катерина Синяковамен өткізеді.

Жұптық сында тағы бір қазақстандық Анна Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге бірінші матчында канадалық Лейла Фернандес – чехиялық К.Синяковаға 7:6 (7:4), 6:7 (4:7), 7:10 есебімен есе жіберді. Ал Е.Рыбакина ресейлік Людмила Самсоновамен бірге чехиялық Мария Боузкова – словениялық Тамара Зиданшектен 6:3, 4:6, 6:10 есебімен ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен жасөспірімдер құрамасының тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алғанын, Жібек Құламбаеваның Шымкент турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар