Теннисші Григорий Ломакин Миланда жарыстың бірінші ракеткасын ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Милан челенджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Г.Ломакин украиналық Владислав Манафовпен бірге бастапқы кездесуін жарыстың бірінші ракеткалары, америкалықтар Натаниэль Лэммонс – Джексон Уитроумен өткізді.

Қазақстандық-украиналық жұп бірінші партияда тартысты тай-брейкте ғана есе жіберді – 6:7 (10:12).

Есесіне екінші сетте қарымта қайырды – 6:3.

Супер тай-брейкте Ломакин мен Манафов 2:7 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды – 10:8.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матч барысында қазақстандық-украиналық жұп 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін өз есептеріне жазды. Олардың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

Америкалық жұп биылғы жыл басында елордада өткен ATP Forte Challenger 125 жарысында чемпион атанған болатын.

Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истборн (Ұлыбритания) WTA 500 додасын бірден екінші айналымнан бастағанымен, дүниежүзілік рейтингте 114-орында тұрған украиналық Леся Цуренкодан ұтылып қалды – 6:1, 5:7, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Истборн турнирінің үшінші айналымына шыққанын, Аружан Сағындықованың әлемдегі үздік 70 жас теннисшінің қатарына кіргенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар