Теннисші Елена Рыбакина Рим турнирінің үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы доданың 10-ракеткасы болып тіркелген, биыл 21-ге толған қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 47-орында тұрған, өзінен бір жасқа ғана үлкен чехиялық Мария Боузковамен кездесті.

Бірінші партия барынша тартысты өрбігенімен, Е.Рыбакина тараза басын аудара білді – 7:5.

Қазақстандық спортшы екінші сетті брейкпен бастағанымен, қарсыласы да қарап қалмады – 1:1. Бұдан кейін Елена тағы бір брейк жасай алды – 4:2. Тек есеп 5:4, сосын 6:5 болып, матчқа доп бергенде, сол мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Дегенмен тай-брейкті сәтті бастап, 3:0 есебімен алға кетіп, сосын 6:1-ге жеткізді. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 7:6 (7:3).

Тартысты бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 16-ыншы, Рим жарысының 8-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартич немесе отандасы, рейтингте 30-сатыдағы Юлия Путинцеваның біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Рим турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар