Теннисші Елена Рыбакина Дубай турнирінің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA премьер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина жартылай финалда әлемнің 15-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен кездесті.

Бірінші партия барысында хорватиялық спортшы 4:2 есебімен алға кетті. Дегенмен Елена таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:5).

Екінші сет те дәл осылай өрбіп, Мартич алға кетті - 3:0. Қазақстандық теннисші тағы да есепті теңестіріп, тай-брейкте матч нүктесін қойды - 7:6 (7:2).

Тартысты бәсеке 2 сағат 13 минутқа созылды.

Е.Рыбакина жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың финалында әлемнің 2-ракеткасы, румыниялық Симона Халеп немесе рейтингте 52-орында тұрған америкалық Дженнифэр Брэдидің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Қазақстандық теннисші биыл осымен төртінші рет WTA додасының финалына шығып отыр. Ол соның біреуінде жеңіске жетті. Енді Дубайда ұтылғанның өзінде рейтингте 17-орынға көтеріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Дубай турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар