Теннисші Бублик Санкт-Петербор турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН.ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик Санкт-Петербор ATP турнирінде жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 70-орында тұрған А.Бублик алғашқы айналымда осы турнирдің сегізінші, әлемнің 60-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен күш сынасты.

Қазақстандық теннисші биыл 22-ге толса, одан бір жас кішілігі бар қарсыласы мамандардың назарын аударып үлгерген талантты жастың бірі еді.

Бірінші сетте мәселе тай-брейкке дейін жетіп, онда А.Бублик басымдық көрсетті – 7:6(7:3).

Екінші партияда есеп 1:1 болған мезетте К.Рууд брейк жасап кетті. Ақыры сол басымдылығын сақтай білді – 6:4.

Қай спорт түрі болмасын өз мүмкіндігіңді пайдаланбасаң, опық жеп қаласың. Үшінші, шешуші сетте төртінші геймде Бублик брейк-пойнтты мүлт жіберді. Содан кейін К.Рууд күш алып кетті – 6:2.

Бәсеке тура екі сағатқа созылды.

К.Рууд екінші айналымда рейтингте 114-сатыдағы италиялық Сальваторе Карузомен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Осака турнирінде жеңіліп қалғанын, ал Михаил Кукушкиннің Санкт-Петербор жарысының ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар