Теннисші Бейбіт Жукаев екі мәрте ел чемпионы атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Дәулет» теннис орталығында өткен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, ерлер арасында финалда қысқы чемпионаттағыдай, Бейбіт Жукаев пен Денис Евсеев өзара кездесті.

Бейбіт 7:6 (7:4), 6:4 есебімен жеңіске жетіп, екінші рет Қазақстан чемпионы атанды.

Ақтау теннис мектебінің түлегі Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың шешімімен Astana Open ATP 500 турнирінде жекелей сында өнер көрсетуге жолдама алды. Бұл Б. Жукаевтың ең алғашқы ірі жарысы болмақ. Сондай-ақ, ол жұптық сында Александр Бубликпен бірге бақ сынайды. Денис Евсеев пен Григорий Ломакин де жұптық сында бәсекеге түседі.

Достанбек Ташболатовты 6:4, 6:4 есебімен жеңген қарағандылық Арысланбек Айтқұлов алғаш рет қола жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасында Гөзал Айнитдинова Қазақстанның әлденеше дүркін жеңімпазы Жібек Құламбаеваны 6:2, 6:1 есебімен тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты.

Жанель Рүстемованы 7:5, 6:4 есебімен сүріндірген Мария Синицына үздік үштікке ілікті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Аргентинадағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар