Теннисші Александр Бублик Санкт-Петербург турнирін сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 52-ракеткасы Александр Бублик Санкт-Петербург АТР 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы қалада туып-өскен А.Бублик алғашқы айналымда рейтингте 221-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдпен күш сынасты.

Бірінші партияда америкалық спортшы 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк жасаған ол басымдылығын таныта алды – 6:2.

Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, мәселе тай-брейкте шешілді. Тай-брейкте Бублик сәтті ойнай білді – 7:6 (7:2).

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық теннисші кездесудегі алғашқы брейгіне қол жеткізді. Содан кейін матчты эйспен түйіндеді – 6:4.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 2 минутқа созылды.

А.Бублик ойын барысында 25 эйс жасаса, қарсыласы алтаумен шектелді.

Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-інші, осы доданың 6-ракеткасы, канадалық Милош Раонич немесе рейтингте 123-сатыдағы америкалық Джеффри Джон Волфтың біреуімен таласады.

Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин ертең сербиялық Миомир Кецмановичпен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің рейтингтегі жаңа орны белгілі болғанын жазған едік.




Соңғы жаңалықтар