Теннис: Зарина Дияс Жапониядағы жарыстың финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Жапониядағы Фукуока ITF турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 98-орында тұрған Зарина Дияс жартылай финалда әлемнің 193-ракеткасы, канадалық Ребекка Мариномен күш сынасты.

Бірден ойын тізгінін қолына алған, турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы сетте айқын басымдылық көрсетті - 6:2.

Екінші партияда қатарынан қос брейк жасап, өз геймдерін де бермеді - 4:0. Бұдан кейін канадалық спортшы есепті қысқарта алды - 2:4. Дегенмен Зарина матчты тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:3.

Бәсеке бір сағаттан астам уақытқа созылды.

Зарина Дияс жүлде қоры 60 мың АҚШ долларына бағаланған турнирдің финалында осы турнирдің екінші, әлемнің 119-ракеткасы, ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Бұдан бұрын Жапониядағы Гифу ITF турнирінің жеңімпазы атанған Заринаға екінші рет сондай мүмкіндік туып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Жапониядағы жарыстың, Дмитрий Попко мен Александр Недовесовтің Шымкент турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева жұптық сында Мадрид турнирінің финалынан тыс қалды.

Ал Қазақстанның бірінші ракеткалары Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцеваның Рим турниріндегі қарсыластары анықталды.

Соңғы жаңалықтар