Теннис: Зарина Дияс Жапониядағы турнирдің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Жапониядағы Гифу ITF турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 115-сатыда тұрған қазақстандық спортшы екінші айналымда әлемнің 362-ракеткасы, қытайлық Юань Юэмен кездесті. Бірінші айналымда әлемнің 228-ракеткасы, америкалық Джейми Лобты 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтқан Зарина бұл матчты да сәтті аяқтады. З.Дияс 7:5, 6:2 есебімен екі партияда жеңіске жетті.

Осы турнирдің 3-ракеткасы болып тіркелген Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін рейтингте 168-сатыдағы жапониялық Куруми Нарамен таласады. Мексикадағы Пуэрта-Вальярта челленджер турнирінде бірінші ракетка болып тіркелген, рейтингте 96-орында тұрған Александр Бублик бұл жарысты екінші айналымнан бастады. Әлемнің 370-ракеткасы, бразилиялық Жуан Менезеспен өткен матч тартысты болды. Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:3. Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте бразилялық теннисші брейк жасап, алға шықты. Ақыры ол 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бәсеке 1 сағатқа жуық уақытқа созылды.

Ж.Менезес үшінші айналымда Барбадос елінің өкілі, әлемнің 213-ракеткасы Дэриан Кингпен шеберлік байқасады. Тағы бір қазақстандық, рейтингте 608-орында тұрған Дмитрий Попко АҚШ-тағы Веро Бич ITF турниріне қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық Юлия Путинцеваның Рабат турнирінің алғашқы айналымынан аса алмағанын, Ыстанбұл турнирінде сәтті өнер көрсеткен Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингте бірден 27-орынға жоғарылағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар