Теннис: Зарина Дияс Жапониядағы тағы бір турнирді сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Жапонияда өтіп жатқан Фукуока ITF турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың бірінші, әлемнің 98-ракеткасы З.Дияс алғашқы айналымда рейтингте 346-сатыда тұрған аустралиялық Элисон Баймен кездесті.

Бірінші сетте Э.Бай 7:5 есебімен басым түсті.

Есесіне екінші партияда қазақстандық теннисші есе қайырды - 6:3.

Үшінші, шешуші сетте Зарина қос бірдей брейкпен алға кетті - 4:0. Ақыры сол басымдылығынан айырылған жоқ - 6:2.

Біршама тартысты өткен бәсеке сағат жарымдай уақытқа созылды.

З.Дияс екінші айналымда әлемнің 421-ракеткасы, жапониялық Мана Аюкавамен ширек финалға шығу үшін таласады.

Аталмыш турнир 12 мамырда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, Зарина Диястың Жапониядағы Гифу ITF жарысының жеңімпазы атанып, үздік 100 теннисшінің қатарына енгенін жазған болатынбыз.

Мадрид турнирін жеңіспен бастап, үшінші айналымға шыққан Юлия Путинцева бүгін әлемнің 9-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен ширек финал жолдамасын сарапқа салады.

Шымкентте өтіп жатқан челленджер турнирін Андрей Голубев пен Тимофей Скатов, содан кейін АҚШ-тағы жарыстан жеңімпаз болып келген Дмитрий Попко сәтті бастады.

Соңғы жаңалықтар