Теннис: Зарина Дияс Страсбург турнирінің жартылай финалына шыға алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Зарина Дияс Страсбург турнирінің ширек финалында ресейлік Анастасия Павлюченковамен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 31-інші орында тұрған, Заринадан екі жас үлкендігі бар ресейлік теннисші осы турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген тәжірибелі спортшы еді.

Бірінші партияда екінші гейм кезінде Зарина құлап, сол қолын ауыртып алып, медициналық қызметке жүгінді. Дегенмен ол содан кейін брейк жасап, 3:1 есебімен алға шықты. Әйтсе де Анастасия сол бойда есе қайырып, таразы басын теңестірді. Содан кейін есеп 4:4 болып тұрған мезетте брейк жасай біліп, өз геймін де жібермей, бірінші партияны жеңіспен аяқтады - 6:4.

Екінші партияны Зарина сәтсіз бастап, қарсыласының брейк жасауына жол беріп қойды. Содан кейін есе қайырып, есепті теңестіргенімен, ресейлік спортшы тағы бір брейкке қол жеткізді - 3:2. Ақыры ол бұл партияны 6:2 есебімен ұтты.

А.Павлюченкова жартылай финалда әлемнің 17-інші, осы жарыстың бірінші ракеткасы, австралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады.

Ең бастысы, З.Дияс «Үлкен дулығаның» бірі болып есептелетін Ролан Гаррос турнирі алдында Франциядағы жағдайға бейімделіп, дайындығын біраз ұштай алды. Тек денсаулығы сыр бермесін деңіз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Лион турнирінің ширек финалындағы қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Нюрнберг турнирінде тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева америкалық Элисон Рискемен ширек финалға шығу үшін таласады. 


Фото:sportx.kz

Соңғы жаңалықтар