Теннис: Зарина Дияс Шэньчжэнь турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Шэньчжэнь (Қытай) WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 75-орында тұрған Зарина екінші айналымда әлемнің 58-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен күш сынасты.

Әлемнің 8-інші, осы жарыстың бірінші ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичті жолдан тайдырған 21 жастағы А.Блинкова оңай қарсылас емес.

Бірінші сетте 26 жастағы З.Дияс қарсыласын оңай ұтты – 6:1.

Есесіне екінші партия аса тартысты өрбіді. Біразға дейін теннисшілер брейк алмасумен болды. Тай-брейкте қазақстандық спортшы екі мәрте матчболын пайдалана алмады. Ақыры мұнда А.Блинковаға сәттілік жолдас болды – 7:6 (11:9).

Үшінші, шешуші сетте Зарина брейкпен алға шықты – 2:0. Әйтсе де ресейлік спортшы таразы басын теңестіре алды – 2:2. Есеп 4:4 болғанда, қазақстандық спортшы брейк жасап, сосын матчқа доп берді. Бұл жолы ол өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Шиеленіспен өткен бәсеке 2 сағат 47 минутқа созылды.

З.Дияс Шэньчжэнь додасының (жүлде қоры – 750 мың АҚШ доллары) жартылай финалына шығу үшін әлемнің 35-інші, осы турнирдің 6-ракеткасы, Ролан Гаррос, Уимблдон жарыстарының жеңімпазы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Доха турнирінің екінші айналымына шыққанын, Юлия Путинцеваның Брисбен жарысында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар