Теннис: Зарина Дияс рейтингте 89-орынға көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс әлемдік рейтингте 89-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада Манчестер ITF турнирінің финалына дейін жеткен З.Дияс бұдан бұрын 101-сатыда тұрған еді.

Сол секілді Хертогенбос (Нидерланды) турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Елена Рыбакина да өз көрсеткішін жақсартты. Ол бұрын 134-орында болса, қазір 113-сатыда. Өз спорттық жолында алғаш рет WTA турнирінің жартылай финалына дейін барған Е.Рыбакина үздік 100 теннисшіге жақындап келеді.

Қазақстанның бірінші теннисшісі Юлия Путинцева бұрынғы 43-орнында қалды. Ол жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын Бирмингем (Ұлыбритания) WTA турнирінің алғашқы айналымында рейтингте 157-орындағы ұлыбританиялық Хэрриет Дартпен күш сынасады.

Ерлер арасында Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жүлде қоры 2 млн еуродан асатын Лондон ATP турнирінде бақ сынайды. М.Кукушкиннің алғашқы қарсыласы - франциялық Жереми Шарди. Негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған А.Бублик аргентиналық Диего Шварцманмен кездеседі.

Бүгін - Е.Рыбакина мен А.Бубликтің туған күні. Елена 20-ға, Александр 22-ге толды.

Соңғы жаңалықтар