Теннис: Зарина Дияс Осака турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Жапониядағы Осака WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 85-орында тұрған З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 69-ракеткасы, пуэрторикалық Моника Пуигпен шеберлік байқасты.

Олардың екеуі де 1993 жылғы, бұдан бес-алты жыл бұрын жақсы ойнап, рейтингте жоғары көтеріліп, үздік жас ойыншылар қатарынан табылған-ды. Кейінгі жылдары сол қарқындарынан айырылып қалғандай еді.

Рейтингте жоғары тұрғандықтан, М.Пуиг Осака жарысына бірден тіркелсе, Зарина іріктеу сайыстарынан кейін қосылған еді.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы қарсыласына бірде-бір гейм бермей, ұтты – 6:0.

Екінші сетте де З.Дияс брейкпен алға шықты – 2:0. Тек содан кейін ғана М.Пуиг өз геймін алды. Зарина матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3.

Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.

З.Дияс екінші айналымда әлемнің 16-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кис немесе рейтингте 40-орындағы ресейлік Дарья Касаткинаның біреуімен кездеседі.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева осы Осакада (жүлде қоры – 823 мың АҚШ доллары) алғашқы кездесуін рейтингте 23-сатыда тұрған хорватиялық Петра Мартичпен өткізеді.

Ал бүгін жаңартылған рейтингте 69-орыннан бірден 49-ға көтерілген Елена Рыбакина Қытайдағы Гуанчжоу жарысында (жүлде қоры – 500 мың АҚШ доллары) бақ сынайды. Оның қарсыласы – әлемнің 38-ракеткасы, чехиялық Катержина Синякова.

Ерлер арасында Санкт-Петербор турнирінде (жүлде қоры – 1,2 млн астам АҚШ доллары) Михаил Кукушкин мен Александр Бублик өнер көрсетеді. Осы доданың 6-ракеткасы болып тіркелген М.Кукушкин италиялық Янник Синнер, ал А.Бублик норвегиялық Каспер Рудпен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың Осаканың негізгі турниріне жолдама алғанын, ал Е.Рыбакинаның Наньчанда финалда жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар