Теннис: Зарина Дияс Ноттингем турнирінің үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Ноттингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 93-інші, осы доданың 16-ракеткасы З.Дияс жарысты бірден екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингіде 151-орында тұрған аустралиялық Лизетт Кабрерамен кездесті.

Бірінші партияда брейк жасаған аустралиялық теннисші сол басымдығынан айырылған жоқ – 6:4.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Л.Кабрера тағы бір брейк жасап кетті. Дегенмен Зарина сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Есеп 4:3 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізді – 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасап, өз геймін де ала білді – 4:2. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 9 минутқа созылды.

Зарина Дияс жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 46-ракеткасы, қытайлық Чжан Шуай немесе рейтингіде 169-сатыдағы тағы бір аустралиялық Арина Родионованың біреуімен таласады.

Теннисшілер үшін Уимблдон турнирі қарсаңындағы дайындық кезеңі болып саналатын Ноттингем додасы 13 маусымда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик пен А.Голубевтің жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Д.Евсеев пен Д.Попко Алматы турнирінің екінші айналымына шықты. Елена Рыбакина жекелей сында Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Соңғы жаңалықтар