Теннис: Зарина Дияс Монтеррей турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Монтеррей турнирінің екінші айналымында Беларусь спортшысы Виктория Азаренкомен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

З.Дияс дүниежүзілік рейтингте 107-орында тұрса, кезінде Аустралия ашық чемпионатының екі мәрте жеңімпазы атанған, әлемнің 67-ракеткасы В.Азаренконың атақ-даңқы әлдеқайда жоғары еді.

Кезінде рейтингте көш бастаған В.Азаренконың сәбилі болуына байланысты спорттық жолында үзіліс орын алған еді. Енді ол бұрынғы орнына оралу үшін барынша күш салуда.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған кездесу беларусь теннисшісінің басымдылығымен өтіп, 6:3, 6:2 есебімен аяқталды.

В.Азаренко ширек финалда әлемнің 33-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын З.Диястың жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған Монтеррей турнирінің екінші айналымына шыққанын, Александр Бубликтің осындағы челленджер жарысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар