Теннис: Зарина Дияс Монтеррей турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Монтеррей (Мексика) турнирінің алғашқы айналымында мексикалық Рената Сарасуамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

З.Дияс осы дүйсенбіде жаңартылған әлемдік рейтингте 92-ден 107-орынға сырғып кетсе, жарысқа лаки-лузер ретінде шақырту алған қарсыласы 243-сатыда еді.

Бәсеке қазақстандық теннисші үшін сәтсіз басталып, брейк жасаған Р.Сарасуа 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен бұдан кейін ойын тізгінін қолына алған Зарина қос брейкпен бірге өз геймдерін де жібермеді - 5:2. Алайда бірнеше сетболды пайдалана алмаған З.Дияс қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Абырой болғанда, аса тартысты сетті тағы бір брейкпен түйіндеді - 7:5.

Екінші партия басында қазақстандық спортшы доп бергенде, мексикалық брейк-пойнттарды пайдалана алмады. Есесіне есеп 3:2 болған мезетте Зарина брейк жасай алды. Сосын өз геймін алып, 5:2-ге жеткізгенімен, қарсыласы доп бергенде, үш матчболды мүлт жіберді. Бұдан кейін Рената брейк жасады - 4:5. Төртінші матчболда Заринаға тор да көмектесті - 6:4.

Тартысты кездесу 1 сағат 54 минутқа созылды.

З.Дияс ширек финалға шығу үшін кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазір 67-сатыда тұрған Беларусь елінің өкілі Виктория Азаренко немесе негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған жапониялық, әлемнің 514-ракеткасы Мию Катоның біреуімен таласады.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған Монтеррей турнирі 7 сәуірде мәреге жетеді. Оған әлемнің 5-ракеткасы, германиялық Анжелика Кербер, осы жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, рейтингте 19-орындағы испаниялық Гарбинье Мугуруса бастаған теннисшілер қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Монтеррей турниріне қатысатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар