Теннис: Зарина Дияс Манчестер турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Манчестер (Ұлыбритания) ITF турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген, әлемдік рейтингте 101-орында тұрған З.Дияс алғашқы айналымда 252-сатыдағы америкалық Джейми Лобпен кездесті.

Бірінші партияда Зарина 6:3 есебімен басымдылық көрсетті.

Екінші сетте қос бірдей брейк жасаған қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кетті. Бұдан кейін қайыра брейк жасаған Д.Лоб есепті қысқарта алды. Дегенмен З.Дияс өз мүмкіндігін жіберген жоқ - 6:4.

Бәсеке бір сағаттан астам уақытқа созылды.

З.Дияс Манчестер турнирінің ширек финалына шығу үшін америкалықтар, әлемнің 176-ракеткасы Робин Андерсон немесе 183-орындағы Кристи Анның біреуімен таласады.

Көгал төсенішінде өтіп жатқан Манчестер додасы да «Үлкен дулыға» турнирі - Уимблдон жарысы алдындағы дайындық кезеңі болып есептеледі. Биыл Уимблдон турнирі 1-14 шілде аралығында өтеді. Заринаның «Үлкен дулыға» турниріндегі ірі табыстары осы Уимблдонмен байланысты. Зарина 2014 және 2015 жылдары Уимблдонның төртінші айналымына дейін жетті. Соның алғашқысында румыниялық Симона Халепке есе жіберсе, 2015 жылы ресейлік Мария Шараповадан ұтылған еді. Бұлардың екеуі де - дүниежүзілік рейтингте көш бастаған өте мықты теннисшілер.

Биыл Уимблдон турнирінде сәтті өнер көрсетсе, Заринаның табысы молайып, рейтингісі жоғарылайтыны анық.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина мен Михаил Кукушкиннің Хертогенбос турнирінің екінші айналымына шыққанын, ал Александр Недовесовтің Шымкент турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар