Теннис: Зарина Дияс Мадрид турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Мадрид WTA турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 89-ракеткасы З.Дияс дүниежүзілік рейтингте 100-орында тұрған италиялық Мартина Тревизанмен кездесті.

Теннисшілердің екеуі де 27 жаста. М.Тревизан оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол өткен жылы Ролан Гаррос турнирінде айды аспанға шығарып, ширек финалға дейін жетті.

Бірінші партияда екі брейк жасаған Зарина басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 6:2.

Қазақстандық теннисші екінші сетте де қос брейкпен алға кетті – 3:0. Бұдан кейін италиялық спортшы қайыра брейк жасап, есепті қысқарта алды – 2:3. Дегенмен Зарина матчқа доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 25 минутқа созылды.

З.Дияс іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 137-сатыдағы украиналық Катерина Козловамен шеберлік байқасады. Ол әлемнің 66-ракеткасы, эстониялық Кайя Канепиді 6:1, 6:4 есебімен жеңіп кетті. Зарина К.Козлованы ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады.

З.Дияс жуырда Ыстанбұл турнирінің алғашқы айналымында К.Канепиден 4:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакина мен З.Диястің рейтингіде жоғары көтерілгенін, қазақстандық теннисшінің Мысырдағы турнирде жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.





Соңғы жаңалықтар