Теннис: Зарина Дияс Хиросима турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Жапониядағы Хиросима WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың алғашқы айналымында З.Дияс Черногория өкілі Данка Ковиничпен шеберлік байқасты.

Дүниежүзілік рейтингте 80-орында тұрған Зарина осы доданың 6-ракеткасы болып тіркелсе, қарсыласы 114-сатыда еді.

Бірден ойын тізгінін қолына алған қазақстандық теннисші қос бірдей брейкпен алға шықты – 4:1. Ақыры осы басымдықты уысынан шығарған жоқ – 6:2.

Екінші сетте Зарина брейкпен алға шыққанымен, қарсыласы теңестіріп үлгерді – 1:1. Дегенмен З.Дияс тағы бір брейкке қол жеткізіп, өз геймін де алды – 4:2. Тағы да брейк – 5:2. Матчқа доп бергенде де қателескен жоқ – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 19 минутқа созылды.

З.Дияс екінші айналымда әлемнің 145-ракеткасы, жапониялық Нао Хибино немесе 233-сатыдағы канадалық Лейла Фернандестің біреуімен кездеседі.

Бұдан екі жыл бұрын З.Дияс осы турнирдің (ол кезде Токио деп аталатын) жеңімпазы атанған болатын. Бұл Заринаның WTA додаларындағы алғашқы жеңісі еді. Өткен жылы ширек финалына дейін ғана жеткен-ді. Турнирдің өткен жылғы жеңімпазы, рейтингте 28-орында тұрған тайбэйлік Се Шувэй биыл 1-ракетка болып тіркелген.

Басқа қазақстандық теннисшілер Қытайда бақ сынауда. Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Чжэнчжоу WTA турнирінің алғашқы айналымында рейтингте 66-орындағы словениялық Тамара Зиданшекпен кортқа шығады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 69-ракеткасы Елена Рыбакина Наньчан WTA жарысында беташар матчын рейтингте 194-орындағы үндістандық Анкита Райнамен өткізеді. Осы додаға іріктеу сайыстарының жеңімпазы ретінде қосылған рейтингте 355-сатыда тұрған Анна Данилина әлемнің 250-ракетасы, қытайлық Фанчжоу Людың шамасын байқап көреді.


Соңғы жаңалықтар