Теннис: Зарина Дияс Дубайдың негізгі турниріне жолдама алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Дубай турнирі іріктеу сайысының финалында румыниялық Моника Никулескумен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Зарина дүниежүзілік рейтингте 96-орында болса, Моника одан он саты төмен-ді. Бірінші партия барысында қарсыластар бірнеше рет брейкпен алмасты. Есеп 4:4 болған мезетте Зарина тағы бір брейк жасап, өз геймін де алды 6:4.

Екінші сетте З.Дияс брейк жасап, алға шықты - 3:1. Ақыры сол басымдығынан айырылған жоқ - 6:4.

Бәсеке сағат жарымдай уақытқа созылды. Осылайша Зарина негізгі турнирге жолдама алды.

Жүлде қоры 2,5 млн астам АҚШ долларына бағаланған Дубай турнирі 24 ақпанда мәреге жетеді. Онда Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева да өнер көрсетеді. Қазақстандық теннисшілердің қарсыластары кейін анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Дубай турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар