Теннис: Зарина Дияс Чарльстон турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 88-ракеткасы З.Дияс алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингіде 151-орында тұрған ресейлік Наталья Вихлянцевамен кездесті.

Бірінші партия барысында Зарина өз шеберлігінің басым екендігін таныта білді – 6:3.

Қазақстандық теннисші екінші сетті брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Ақыры үшінші матчболын сәтті пайдалана алды – 6:1.

Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.

З.Дияс екінші айналымда отандасы, әлемнің 31-інші, осы доданың 11-ракеткасы Юлия Путинцева немесе рейтингіде 104-сатыдағы германиялық Андреа Петковичтің біреуімен шеберлік байқасады.

Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова екінші айналымға шыға алмады. Ол әлемнің 77-ракеткасы, жапониялық Мисаки Доиден 3:6, 3:6 есебімен ұтылып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Чарльстон турниріндегі қарсыластары анықталғанын, А.Бубликтің ATP чемпиондық кестесінде үздік ондыққа кіргенін жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар