Теннис: Зарина Дияс АҚШ-тағы турнирдің финалында есе жіберді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 104-ракеткасы Зарина Дияс Джорджия (АҚШ) ITF W80 турнирінің финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 78-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы Мэдисон Бренглмен бас жүлдені сарапқа салды.

Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде Зарина жеңіске жеткен екен.

Бұл жолы бірінші партияда М.Бренгл 6:4 есебімен басымдылық көрсетті.

Екінші сетте З.Дияс дәл сондай есеппен қарымта қайырды.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Бренгл брейк жасап, алға кеткенімен, Зарина сол бойда таразы басын теңестірді – 3:3. Бұдан кейін де қарсыластар брейк алмасты. Ақыры америкалық теннисшінің жолы болды – 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 38 минутқа созылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің елордадағы жарыстың жеңімпазы атанғанын, Зарина Диястың АҚШ-тағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Жібек Құламбаева Қарағандыдағы турнирдің чемпионы атанды.





Соңғы жаңалықтар