Теннис: З.Диястың жолын С.Уильямс тағы бөгей ме?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 наурыз-5 сәуір аралығында АҚШ-тың Майами қаласында әйелдер арасында халықаралық ірі турнир өтіп, оған әлемнің маңдайалды теннисшілері түгелге жуық қатысады.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл жарыстың жүлде қоры 5,4 млн. АҚШ долларына жуықтайды.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-інші, осы турнирдің 29-ыншы ракеткасы Зарина Дияс рейтингісінің жоғары болуына байланысты алғашқы күнгі сынға қатыспайды. Екінші айналымда Зарина американдық Катрин Беллис немесе голландиялық Инди де Вромның біреуімен кездеседі. Оны ұтқан жағдайда З.Дияс үшінші айналымда әлемнің бірінші ракеткасы, атақты американдық Серена Уильямспен тағы шеберлік байқасуы әбден ықтимал. Серена екінші айналымда бірінші күні күш сынасатын румыниялық Моника Никулеску немесе отандасы Шелби Роджерстің қай жеңгенімен кортқа шығады.

Майамиде тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова бастапқы ойынын швециялық Юханна Ларссонмен өткізеді.

Айта кетейік, өткен аптада Индиан-Уэллс турнирінде С.Уильмс екінші айналымда тартысты кездесуде сол М.Никулескуді 7:5, 7:5 есебімен ұтып, одан кейін Заринаны 6:2, 6:0 есебімен оңай жеңген болатын. Бұл турнирде Серена жартылай финалда денсаулығының сыр беруіне байланысты болашақ жеңімпаз, румыниялық Симона Халеппен ойнаудан бас тартқан еді.

Соңғы жаңалықтар